«Колосок» бөбекжай-бақшасында ашық есік күні ұйымдастырылды

       2026 жылғы 29 мамыр күні «Колосок» бөбекжай-бақшасында ашық есік күні ұйымдастырылды.

       Іс-шара барысында бөбекжай-бақша педагогтері Саумалкөл ауылының үш мектебінің бастауыш сынып мұғалімдерімен өз тәжірибелерімен бөлісті.

       «Айналайын» мектепалды тобының тәрбиешілері Жунусова А.К. мен Сейтжанова Г.Б. «Бақытты балалық шақтан – мектепке» тақырыбында кіріктірілген ұйымдастырылған іс-әрекет өткізді. Іс-әрекет барысында тәрбиеленушілер өздерінің білімдері мен дағдыларын көрсетіп, мектепке дайындық деңгейін танытты.

      «Күншуақ» мектепалды тобының тәрбиешісі Золотова Д.С. және қазақ тілі педагогі Хасенова А.А. «Математика еліне саяхат» атты кіріктірілген ұйымдастырылған іс-әрекет өткізді. Балалар ойын арқылы математикалық түсініктерін бекітіп, логикалық ойлау және тілдік қарым-қатынас дағдыларын көрсетті.

      Қазақ тілі педагогі Кошкарбаева Р.А. «Киіз үй» тақырыбындағы ұйымдастырылған іс-әрекет барысында әріптестеріне мектепалды топ тәрбиеленушілерінің қазақ тілін меңгеру деңгейін көрсетті. Сонымен қатар балалар қазақтың киіз үйінің құрылысы мен маңызы туралы білімдерін кеңейтті.

      Жас маман, музыка жетекшісі Құбаш Ақмаржан Құттыбайқызы «Біз мектепке барамыз» атты ұйымдастырылған іс-әрекет өткізіп, балалардың шығармашылық белсенділігін дамытуға және мектепке деген жағымды көзқарасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізді.

       Іс-шара соңында әдіскер Кожатаева М.Б. «Мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі сабақтастық» тақырыбында педагогикалық диалог алаңын ұйымдастырды. Алаң барысында мектепке дейінгі және бастауыш білім беру буындары арасындағы өзара байланыс мәселелері талқыланды. Педагог-психолог Серикбаева У.А. бақша түлектерінің мектепке психологиялық-педагогикалық дайындығы туралы есеп беріп, қатысушылар өзара пікір алмасты.

      Осындай іс-шаралардың дәстүрге айналып келе жатқанын атап өткіміз келеді. Бұл педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға, сондай-ақ бақша мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.